ПУБЛИКАЦИИ

Post Image

Ұлылардың соңы еді

Дулат Исабеков

Еркеғали Рахмадиев классикалық музыка саласында тек Қазақстанда ғана емес, бүкілодақтық кеңістікте, қала берді, аты әлемге танымал болған талант иесі еді. Ерекше ыждағаттық пен талантқа қоса аса жоғары музыкалық білімді қажет ететін опера жанрында композитордың қаламынан үш бірдей опера дүниеге келді. «Қамар сұлу», (1963) «Алпамыс» (1972) Абылай хан» (1999), оның «Дайрабай», «Құдаша-думан» атты симфониялық күйлері музыка әлеміндегі мүлде жаңа жанр еді. Бұл шығармалар күні бүгінге дейін симфониялық оркестрдің тұрақты репертуарына айналған құнды шығармалар. Музыка зерттеушілері бұл шығармалар тек бір ғана композитордың ерекше жетістігі емес, Қазақстанның музыка өнеріндегі зор жетістік деп бағалады. Оған дәлел – бұл шығармалардың Лондон симфониялық оркестрінің орындауында әлемдік деңгейге көтерілуі.

Еркеғали Рахмадиевтің атақ-даңқын тізіп жатудың қажеті жоқ, тек Еркеғали Рахмадиев деген композитордың есімі мен фамилиясы барлық марапаттан артық бағаланады. Ол бұрынғы СССР мен тәуелсіз Қазақстанның барлық жоғары атағына ие болған айтулы тұлға. Ол өмірінің соңына дейін қоғамдық жұмыстардан бір сәтке де шет қалған емес. Ол – қоғам және мемлекет қайраткері, ол – ұйымдастырушы, ол – әдебиеттің білгірі, ол – Тәуелсіздіктің рухани негізін нығайтушы, ол – үлгілі отбасының иесі, бұлардың бәрінен бөлек ол – ұлы композитор, ол – ұлылардың соңғы тұяғы. Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Сыдық Мұхамеджанов, Ахмет Жұбанов сияқты қазақ классикалық музыка аспанының жарық жұлдызына айналған шоқ жұлдыздардың бірі де, бірегейі де.

Еркеғали Рахмадиевтің Әбіш Кекілбаевтың либреттосы бойынша жазылған «Абылайхан» операсы қазақ опера жанрындағы шоқтығы биік шығарма. Либреттоның ауқымы мен оқиға желісінің дамуы, патриоттық пафос, елдің ертеңін ойлаған Абылай ханның ерлігі мен даналығын либретто оқиғасымен бай музыкалық партитура арқылы биікке көтере білген шығарма болды. Осы операны көре отырып, тыңдай отырып менің ойыма С. Бородиннің «Игорь Князь» операсы орала берді. Оқиға мен музыкалық бірлігі, айшықты образдар, массовка, жаймашуақ лирикалық әуендер мен финалдағы жоғары пафостың ария музыкалық құрылым мен байлығы жағынан «Игорь Князьдан» артық болмаса кем түспейтін аса күрделі де құнды дүниенің қазақ опера жанрын шыңға көтеріп тастаған шығарма болды.

Ерекеңнің шығармашылық өмірбаянын оқып отырсам, оның іріліуақты шығармалары түгел аталып өтеді де, «Таң самалы», деген әнінің аты да аталмапты. «Таң самалы» – қазақ ән өнерінде шоқтығы биік шығарма. Ондағы музыкалық бұрылыстар, әуен табиғаты, екінің бірінің орындауына көне қоймайтын күрделі шығарма еді. Кезінде бұл әнді Роза Бағланова орындап әннің өзіне тән әуендік философиясын тыңдаушыға біршама жеткізгендей болып еді. Өкінішке орай, бұл әнді басқа ешбір әнші орындамады. Бәлкім, орындай алмады. «Таң самалы» өзіне лайық тақырыбын тапса мұңлы бір операның басты ариясына айналар еді-ау деп ойлап едім алғаш тыңдағанда. Мәселен, Э. Григтің «Пер-Гюнт» операсындағы Сольвенгтің ариясы секілді.

Музыка зерттеушілері де, тіпті, Ерекеңнің өзі де ария болуға сұранып тұрған осы шығармаға назар аудармағандары таңқаларлық жай. Не «Қамар сұлу» не «Алпамыс» операларының бірінде бұл күрделі әуенді негізгі мотив ретінде пайдалануға әбден болатын еді.

«Таң самалы» әні нағыз орындаушысын әлі күтіп жүрген сияқты.