ПУБЛИКАЦИИ
ЕЛІҢНІҢ ЕРКЕСІ ЕДІҢ, СЕРКЕСІ ЕДІҢ
Халқым деп көкірегің қақыраған,
Өмірден сен де өттің-ау, Батыр ағам.
Жұтпаған қай жақсыны сұм жалғанда,
Жалмауыз ажал деген аты жаман.
Арда едің алыптардың соңына ерген,
Әр қазақ марқаятын сені көрген.
Тұйғындай күйсандыққа төнуші едің
Сәтіңде толқын атып тебіренген.
Алдында әлдекімнің сызылмастан,
Алмастай жарқылдады жүзің жастан.
Еліңнің еркесі едің, серкесі едің,
Мұқанның шәкірті едің ізін басқан.
Тарлан ең қиыннан жол таба білген,
Арлан ең жауға азуын сала білген.
Тайдай боп тұлпарға ерген жүруші едім,
Іздесем, енді қайдан табамын мен?
Қашанда үстіңде еді елдің жаны,
Тақ еді сен отырған төрдің бәрі.
Талдырдың өзегіңді халқың үшін,
Халқың да қанатыңды талдырмады.
Жұртыңды жүрегіңмен тербедің де,
Сексен жыл самғап үштың ел көгінде.
Жан аға, мазасыз ең, тыныш ұйықта,
Бұйырған жер бесіктен жөргегіңде...